ШҚО-дағы жол апаты 4 адамның өмірін қиып кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан 4 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 19 қаңтарда «Омбы-Майқапшағай» тасжолында Жарма ауданының аумағында болған. Сағат 13:00 шамасында тасжолда келе жатқан Kia Rio мен Mitsubishi маркалы автокөліктер бетпе-бет соқтығысты.

Жол апаты салдарынан Kia Rio көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы және Mitsubishi көлігінің бір жолаушысы сол жерде жан тапсырды. Сондай-ақ Mitsubishi-дің жүргізушісі мен екі жолаушысы көптеген дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне (Абайсызда екі немесе одан да көп адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


Соңғы жаңалықтар