ШҚО-дағы жастардың бастамаларына қолдау көрсетілуде

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы қоғамдық бірлестік жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігінің мақсаты – жас буынға жан жақты көмек көрсету, түрлі бастамаларына қолдау таныту. Бірлестіктің төрағасыАяужан Ашимованың айтуынша, жастарға сан алуан тренингтер, семинарлар ұйымдастырылып, идеяларын жүзеге асыруға бағыт-бағдар берілуде.

«Шығыс Қазақстанның климаты құбылмалы, ауыр екендігі баршаға аян. Қыста алай-дүлей боран соқса, көктемде су тасқыны тығырыққа тірейді, ал жаз шыққанда өрт өршиді. Осындай кезде қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету үшін былтырдан бастап арнайы жобаны қолға алдық. Соның аясында ауыл тұрғындарына, жастарға волонтерлікті насихаттап, қалай әрекет ету керектігін үйреттік. Енді олар өз жерлестеріне көмектеседі», - дейді ол.

Аяужан Ашимованың сөзінше, волонтерлік курстан өткен адамдардың тізімі жасалып, жергілікті әкімдікке берілген. Қандай да бір оқыс оқиға немесе төтенше жағдай болып жатса, осы азаматтар жұмылдырылады. Ең алдымен еріктілердің өздерінің денсаулығына зиян келмейтіндей жағдай жасалуы тиіс.

«Бұл курстар ШҚО-дағы 600-ден астам ауылда жүргізілді. Мобильді қосымша әзірленген. Онда ТЖ кезінде әрекет ету алгоритмі бастан-аяқ көрсетілген», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар