ШҚО-дағы тасқын: Қала ортасында 2 млн текше метр су жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. Қала ортасында 2 млн текше метр су жатыр. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов Зырян ауданына жасаған сапары барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін кезекті рет Зырян ауданына ат басын бұрған Даниал Ахметов мұндағы тоғыз елді мекенде судың беті қайтқанын көрді. Ауданда апатқа ұшыраған 414 үйдің, 285-інен су кетіп, 129-ында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Зырян қаласының ескі бөлігінде әлі күнге дейін 74 үй су астында тұр. Облыс әкімі олардың бәрі тұруға жарамсыз деп танылуы ықтимал екенін жеткізді. Су деңгейі 3 метрге жеткен учаскелерге бүгін қосымша су сорғыш насостар қойылмақ.

«Бұл жерде 2 млн.текше метрге дейін су жатыр. Оларды сору үшін өте қуатты техникалар қажет. Бүгін тағы екі насос қосамыз. Олар сағатына екі мың текше метрге дейін су соруға қабілетті», - деді Даниал Ахметов.
null 

Уақтыша баспаналарда жатқан тұрғындармен кездескен облыс әкімі ешбір тұрғын баспанасыз қалмайтынын айтты.

«Барлық тұрғындардың шығынын арнайы комиссия есептейді. Қазір қалада 60 пәтерлі жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, екінші деңгейлі нарықта сатылымға қойылған баспаналардың есебі дайындалуда. Дүйсенбіге дейін үй мәселесін шешу жолы нақты белгілі болады», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, енді Катонқарағай ауданындағы Сенное елді мекені мұз кептелісінен зардап шегуі мүмкін. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне ондағы мұз жару жұмыстарын ертең бастау тапсырылды.

null null null null

Соңғы жаңалықтар