ШҚО-дағы табиғи қорықтарда құстың 280 түрі мекендейді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік табиғи қорықтарда соңғы 30 жылда талай оңды өзгерістер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

«Мемлекеттің егемендігі ұлттық мұра болып саналатын бай өсімдік пен жануарлар әлемін көбейтуге, оларды қорғауға мүмкіндік берді. Өңірдегі орман қорының алаңы 3 млн 843 мың гектарды құрайды. Бізде Қазақстандағы орманның жартысынан көбі орналасқан. Онда қарағай, шырша, балқарағай, сібір қарағайы сынды ағаштар бар», - деді инспекция басшысы Ділдәбек Оразбаев.

Облыста екі мемлекеттік табиғи қорық бар. Олар – Батыс-Алтай қорығы және Марқакөл қорығы. Екі мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ осында орналасқан – Қатонқарағай және Тарбағатай ұлттық саябақтары. «Семей орманы» мемлекеттік орман резерваты да бар.

Аймақ бойынша бірінші болып Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Қорық директорының міндетін уақытша атқарушы Әлішер Құрманбаев атап өткендей, қорықтың ашылуындағы негізгі мақсат – Оңтүстік Алтай табиғат кешенін, Марқа көлін сақтап қалу.

«Бұл әлемдегі ең таза көлдердің бірі. Оның мөлдірлігі 5-9 метрге жетеді. Суда хлорорганикалық пестицидтер мүлдем жоқ. Марқа көлінде балықтың 4 түрі бар, атап айтқанда сібір леногі, хариус, голец, пескарь. Марқакөл тарихына айналған сібір леногі қорық эмблемасына енгізілген», - деді ол.

«Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Жанболат Тыныбековтің сөзінше, саябақ аумағының 34 пайызы орманды алқап. Онда өсімдіктің мыңнан астам, құстардың 280 түрі мекендейді. Олардың ішінде Қызыл Кітапқа енген құстардың 25 түрі, сүтқоректілердің 69 түрі бар. Соңғы жылдары Қатонқарағай ұлттық саябағында бұрындары белгілі болмаған, құстардың жаңа түрі табылды. Ол – үлкен жасымақ, гуменник, алакөз қара үйрек және басқалары.

Қар барысы мекендеген жерге тұрақты мониторинг жүргізіледі. Соның барысында табиғи парк аумағында бірінші рет барыс Оңтүстік-Алтай шатқалынан байқалды. 2020 жылы қар барысын үш мәрте Сарымсақты шатқалында фототұзақтар түсіріп алған.

«Тарбағатай» ұлттық табиғи қорығы туралы қорықтың бас директоры Әлібек Тоқымтаев айтып өтті.

«Бұл қорық өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда жас. 2018 жылы құрылдық. Ұлттық қорық Үржар ауданындағы Тарбағатай тауы шатқалында орналасқан. Оның аумағында тарихи-мәдени нысандар, ежелгі тарихи қорғандар орналасқан. Сонлай-ақ бұл жерде тастағы жазбалар мен суреттер де кездеседі. Өсімдіктің 1640 түрі өседі, олардың 35-і Қызыл Кітапқа енген. Жануарлардың 376 түрі мекендейді», - деді ол.

Ұлттық қорықта экологиялық туризм дамуда. Бұл үшін 4 маршрут бекітілген, қазіргі уақытта оның екі маршруты бойынша туристер қабылдануда.


Соңғы жаңалықтар