ШҚО-дағы өрттің алғашқы ықтимал себептері айтылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстандағы орман өртінің алғашқы ықтимал себептері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли БАҚ өкілдеріне Риддер қаласының Лесхоз кентіндегі орман өртінің алғашқы ықтимал себептерін атады.

«Алдын ала берілген ақпарат бойынша мамандар қасақана өртеу және отты абайсыз қолдану нұсқаларын қарастыруда. «Қазивиаорманкүзетінің» Ми-8 тікұшағымен өртті әуеден сөндіру жұмыстарының нәтижесінде бүгін сағат 07.00-де елді мекен аумағындағы өрт сөндірілді. Орман өрті периметрінің шетінде ашық жану жоқ. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде ағаш діңдерін сөндіру жүргізілуде», - деді Талғат Уәли.

Ресми өкілдің мәліметі бойынша, зардап шеккендердің саны сол қалпы. Бір адам көз жұмып, екі адам ауруханаға түскен.

«Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам күйік шалып, жергілікті аурухананың реанимация бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Өрт орнында 1948 жылы туған әйелдің мәйіті табылды», - деді министрлік өкілі.

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар