ШҚО-дағы өрт: Сенаторлар баспанасыз қалған тұрғындарға бір күндік еңбекақысын аударды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенаторлар Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір күндік еңбекақысын аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат заң шығарушы органның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында болған алапат өрттің салдарынан ондаған үй толықтай өртеніп кетті. Өкінішке қарай, қайғылы жағдай адам өліміне әкеліп соқты.

Осыған орай Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мұндай төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге қолдау көрсету үшін қоғамның жұдырықтай жұмылып, бірлесіп әрекет етуінің маңызы зор екенін айтты.

«Бұл жағдай Президентіміздің тікелей бақылауында. Мемлекеттік органдар Риддер тұрғындарына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Бұл өте қиын жағдай екені сөзсіз. Осындай сын-сағатта бәріміз бірлесіп, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек. Парламент Сенатының және жеке өз атымнан өрт салдарынан қайтыс болған азаматтың жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Парламент Сенатының депутаттары бір күндік еңбекақыларын тілсіз жаудан зардап шеккендердің көмек қорына аудару жөнінде шешім қабылдады.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен қала тұрғындарына көмек көрсету және үйсіз қалғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып жатыр

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мәжілісмендер бір күндік жалақысын Риддердегі өрттен зардап шеккендерге аударған болатын.

Айта кетейік, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, 1 адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли БАҚ өкілдеріне Риддер қаласының Лесхоз кентіндегі орман өртінің алғашқы ықтимал себептерін атады.

ҚР Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы өрт фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері алапат өртке қатысты күдіктіні ұстады.


Соңғы жаңалықтар