ШҚО-дағы лагерьде омыртқасы сынған оқушы қызға қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы балалар лагерінде оқушы қыз жарақат алып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына Абай облысының тұрғынынан арыз түсті. Әйелдің айтуынша, оның кәмелеттік жасқа толмаған қызы осы жылдың шілде айында Шығыс Қазақстан облысындағы балалар лагерінде жарақат алды. Нақты айтқанда, омыртқасы сынып, орташа дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.

«Алайда, Алтай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері балалар лагері әкімшілігінің бала өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін орындамау фактісі бойынша қозғалған істі қылмыс құрамының жоқтығына сүйеніп жауып тастаған. Арыз бен материалдарды зерделеу барысында қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуы анықталып, ШҚО полиция департаментіне, әкімдікке, прокуратураға және Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетіне қосымша дәлелдермен өтінішхат жіберілді», - делінген ақпаратта.

Прокуратура Омбудсменнің өтінішін қолдаған. Нәтижесінде, бұрын тоқтатылған іс қайта жанданып, бала мен ананың құқығы қорғалды.


Соңғы жаңалықтар