ШҚО-дағы коммуналдық мекеме кәріз суын өзенге құйып ластаған

None
Фото: ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы коммуналдық мекеме кәріз суын өзенге құйып ластаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тұрғындардан Белоусовка кентіндегі «Теплоэнергия» КМК—нің тазартылмаған кәріз суы Глубочанка өзеніне құйылып жатқандығы туралы шағым түсті. Соған орай мекемеге жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

«Нәтижесінде, шағымдағы ақпарат расталды. Тазарту құрылғыларына жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі, коммуналдық мекеменің нашар материалдық-техникалық жарақтандырылуы осындай жағдайға әкеліп соққан. Глубочанка өзеніне құйылып жатқан судан алынған сынаманы химиялық зерттеу барысында хлоридтер рұқсат етілген шекті деңгейден 1,4 есе, сульфаттар 1,5 есе, аммоний тұзы 33 есе, нитриттер 4,4 есе және фосфаттар 12,1 есе асып кеткені анықталды», - делінген ақпаратта.

Аталған бұзушылықтарды жою мақсатында мекемеге тазарту құрылғыларының техникалық жағдайын бағалау және олқылықтардың орнын толықтыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігі туралы ұйғарым шығарылды.



Соңғы жаңалықтар