ШҚО-дағы кітапхананың VR-киіз үйіне баратын жастар саны артып келеді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы кітапхананың VR-киіз үйіне баратын жастар саны артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен қаласында орналасқан Оралхан Бөкей атындағы кітапханада түрлі бағыттағы 10-нан астам үйірме бар. Соның бірі – VR-киіз үйі. Киіз үйге кіріп, заманауи технологияның көмегімен әлемнің кез келген жеріне саяхат жасауға болады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға қызықты.

«2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамыту үшін жаңа технологияларды да меңгеру керектігін айтқан болатын. Кітапханамыз заман талабына сай жабдықталған. Ең алғаш VR-киіз үйі ашылған кезде бізде тек VR көзілдірік болған еді. Содан кейін арнайы бағдарламаларды қолданып, түрлі көріністер жасай бастадық. Осы үйірме ашыла салысымен қызығушылық танытқандар көп болды. Қазір күн сайын осында келетін жастар саны артып келеді», - дейді кітапхана қызметкері Таңнұр Башай.

Оның айтуынша, мұндағы негізгі мақсаттардың бірі – оқырманға өздері оқыған кітаптарындағы кейіпкерлердің бейнесін осы құрылғы арқылы көрсету. Сөйтіп, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Мәселен, кітапхана қызметкерлері Оралхан Бөкейдің туған жері мен кейіпкерлерінің бейнесін дәл көрсеткен.

«Сондай-ақ Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның үстел басында әңгімелесіп отырғанын бейнеледік. Киіз үйдегі VR көзілдірікті киіп, өзіңізді сол қаламгерлердің қасында отырғандай сезіне аласыз», - дейді Таңнұр Башай.


Соңғы жаңалықтар