ШҚО-дағы Катонқарағай ауданында әуежай салынбақ

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында әуежай салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел аузында «екінші Швейцария» атанып кеткен Катонқарағай ауданына келетін туристер саны жылдан жылға артып келеді. Соған орай мұнда әуежай салу көзделуде.

Бұл жайлы облыстағы әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын баян еткен ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева мәлім етті.

«2018 жылы өңірде әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталған. Бүгінде Өскемен мен Семейдегі әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары мәресіне жетті. Жақында Үржар ауданындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды», - деді ол.

Айжан Рахымбаеваның айтуынша, қазір әуе айлағының ұшуға жарамдылық сертификатын алу үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр. Алынған соң әуе рейстері бірден қайта жанданбақ. Демек, тұрғындар Алакөлге ұшақпен қатынай алатын болады.

«Катонқарағай ауданында әуежай құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бірақ оның нақты уақыты әзірге белгісіз. Сондай-ақ 2024 жылға қарай Зайсан әуежайын реконструкциялау жұмыстары басталады», - деді басқарма басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар