ШҚО-дағы кәсіпорында еңбек ұжымының 70 пайызы вакцина алған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында еңбек ұжымының 70 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарма ауданында орналасқан Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина алған жұмысшылар саны күн өткен сайын артып келеді.

«Азаматтар вакцинацияның қауіпті дерттен қорғануға және қалыпты өмірге оралуға үлкен мүмкіндік сыйлайтынын түсінді. Кәсіпорында жұмыс негізінен вахталық әдіспен жүргізіледі. Пандемия басталғалы бері мұнда қатаң сақтық шаралары бекітілген. Мердігерлер, еңбек демалысынан және вахталық демалыс күндерінен оралған қызметкерлер ПТР-тестілеуден өтеді», - дейді персоналмен жұмыс жөніндегі директордың міндетін атқарушы Мадина Дүйсенова.

Елімізде індетке қарсы вакцина қолжетімді болған сәттен бастап кәсіпорында қызметкерлердің жаппай вакцинациялауына бар жағдай жасалды.

Екпені мекеменің фельдшерлік-акушерлік пунктінде, тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада немесе Жарма ауданы Әуезов кентіндегі медициналық мекемеде алуға болады.

«Қызметкерлеріміздің көбісі Әуезов кентінде тұрады. Сондықтан компания ауылдық дәрігерлік амбулаторияны вакцинамен қамтамасыз етуге күш салды. Препараттар вакцинациялау пунктіне 2021 жылдың наурызынан бастап үздіксіз келіп түсуде. Бұл - «Sputnik V» және Біріккен Араб Әмірліктері шығарған Hayat-Vax вакциналары», - деді Мадина Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар