ШҚО-дағы бұрынғы аудан орталықтарында 15 мың жаңа жұмыс орны құрылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы бұрынғы аудан орталықтарында 15 мың жаңа жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 2 жылда шекаралық аймақтар мен бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бойынша өңірлік бағдарлама жүзеге асырылуда.

«Елді мекендердің негізгі мәселелері мен даму мүмкіндіктерін анықтау мақсатында арнайы талдау жүргізіліп, нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы кешенді жоспар әзірленді. Қытай Халық Республикасымен шекаралас жатқан аудандар үшін былтыр 43 млн теңгеге түрлі жобалар іске асырылды. Жалпы 2024 жылға дейін 44 млрд теңге жұмсалмақ», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Ал бұрынғы аудан орталықтарын дамытудың 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасына 43 млрд теңге қарастырылған. Биыл 8 млрд теңгенің жобалары қолға алынады.

«Екі жылда бұрынғы аудан орталықтарында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы ауданы 18,8 мың шаршы метрді құрайтын 9 спорттық нысан, 3 көппәтерлі және 102 жеке тұрғын үй салынды. 284 шақырым су құбырлары тартылып, 156 әлеуметтік нысан жөндеуден өтті», - деді аймақ басшысы.

Соңғы жаңалықтар