ШҚО-дағы Алтын құм жағажайында құтқарушылар бекеті ашылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданындағы «Алтын құм» жағажайында құтқарушылар бекеті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әр 2 апта сайын мұнда 4 сүңгуір мен 3 өрт сөндіруші демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Бекеттің ашылуындағы басты мақсат – судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу және жағажай маңында орналасқан нысандарда өрт болуына жол бермеу. Жыл сайын жаз кезінде құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Олар қайықпен су айдынында бақылау жасайды, ал өрт сөндірушілер 110 шақырымға созылған жағалауда демалушылар мен нысан иелері қауіпсіздік ережелерінің сақталуына мониторинг жүргізеді», - делінген департамент ақпаратында.

Сонымен қатар, арнайы жаднамалар таратылып, нұсқаулықтар өткізіліп жатыр.

Жаңа құтқарушылар бекеті жұмысқа қажетті құтқару жабдықтарымен, сүңгуірлік костюмдермен, жүзу және басқа да құралдармен, өрт сөндіру автокөлігімен жабдықталған.


Соңғы жаңалықтар