ШҚО-дағы 9 өзенде лай көшкіні жүру қаупі бар

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сел және лай көшкіні қаупі бар аймақтар бақылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша барлығы 23 ошақта сел қаупі бар. Облыстағы 6 ауданның жоғарғы тауларында пайда болған 146 мұздық көл 13 елді мекенге қауіп төндіреді. Жыл сайын қауіпсіздік мақсатында көлдер мұздан әлі ашылмаған сәттен бастап және олардың толық еруіне дейін сел қаупін бақылау үшін аэровизуалды зерттеулер жүргізіледі.

«Шығыс Қазақстандағы 9 өзенде лай көшкіні жүру қаупі байқалады. Сел және лай көшкіні қаупі бар кезеңнен қауіпсіз өту мақсатында департамент қызметкерлері «Қазселденқорғау» ММ мамандарымен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын әзірледі. Өзен арналары мен қауіпті учаскелерде сел мен лай көшкінін бақылау бойынша аэровизуалды зерттеу кестесі әзірленді. Алдағы уақытта облыста мұздық көлдерде батиметриялық жұмыстар жүргізу жоспарланған», - делінген ақпаратта.

Сел қаупі бар учаскелерде 46 ескерту және тыйым салу белгілері, лай көшкіні қаупі бар жерлерге 18 қалқан орнатылды. Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес өңір аумағында күштер мен құралдар тобы құрылған. Онда жеке құрамнан 547 адам, 77 техника, 122 жылжымалы мотопомпа және 30 жүзу құралы кіреді.

Қазіргі уақытта облыста сел және лай көшкіні жағдайы тұрақты. Барлық сел қаупі бар учаскелер мамандар бақылауында. ТЖД күштері мен құралдары тұрақты дайындықта.


Соңғы жаңалықтар