ШҚО-да жылына 7,5 мың тонна ет өндіретін комбинат салынбақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласындағы жобалары жүзеге асыруға 25,8 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат отырысында аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу және жаңа кәсіпорындарды құру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар сөз етілді. Қазіргі уақытта облыс аумағында қайта өңдеу саласында жалпы сомасы 193 млрд теңгені құрайтын жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрғандарды кеңейту бағытында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

«Осы жылдың соңына дейін шикізат бойынша жүктемені 30-40% дейін жеткізу жоспарлануда. Майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорын 2022 жылы толық қуатпен жұмыс істейді. 2021 жылы күнбағыс, рапс, зығыр және соя егіс алаңдары 30 мың гектарға ұлғайып, 476 мыңды құрайды. Бұл ретте майлы дақылдардың жалпы түсімі өткен жылдың деңгейіне қарағанда 53 мыңға артып, 668 мың тоннаға жеткізілмек», - деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.

Оның айтуынша, облыста жылына 7,5 мың тонна ет өндіретін комбинат салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ет комбинатының қуаттылығы күн сайын сегіз мың банка консерві, үш тонна шұжық және бір тонна жартылай фабрикаттар шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Өскемен құс фабрикасы биылдан бастап бройлер етін өндіру қуатын жылына 29,5-тен 55 мың тоннаға дейін кеңейту бағытында жұмыстарды бастады. Ал «Прииртышская бройлер құс фабрикасы» ЖШС басшылығы осы жылдың қаңтар айынан бастап құс шаруашылығы корпустарында және сою цехында Нидерланды мен Беларусиядан жаңа жабдықтарды орнату бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев биыл ет пен сүт өнімділігін арттыру қажеттігіне назар аударды.

«Республика бойынша біздің облыс сүт пен ет өндіруде алдыңғы лекте. Алайда 2021 жылғы ақпан мен қаңтар айларындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Ауыл шаруашылығы басқармасы осы мәселені пысықтауы тиіс», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар