ШҚО-да жыл соңына дейін көпбалалы отбасыларға 665 пәтер беріледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы отбасылардың мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстанда көпбалалы жанұялар мәселесі бойынша қалалық және аудандық қоғамдық комиссиялар құрылған. Олардың құрамына көпбалалы аналар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және депутаттар кірді.

«Бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі. Барлық негізгі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер кезең-кезеңмен шешіледі. Өңірімізде 2020 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша көпбалалы отбасыларға 380 пәтер берілді. Жыл соңына дейін тағы 665 пәтер беріледі. Осылайша биыл барлығы 1045 отбасы баспаналы болады, – деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.


Аймақ басшысы көпбалалы аналардың мәселелерін тыңдап, оның шешілу жолдарын талқылады. Қойылған сұрақтарға облыстық басқармалар мен өзге де жауапты мекемелердің басшылары жауап берді. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы да мәлімет берілді. ШҚО әкімі аналарды жергілікті жерлердегі комиссия жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

«Көпбалалы аналардан комиссия мүшелерімен бірге білім беру орталықтарындағы тамақтану, мектеп формасы мен аяқ киім сапасын тұрақты негізде тексеруді сұраймын. Үржар ауданының аналарымен жазғы аяқ киімді қысқыға ауыстыру мәселесін қарастыратын боламыз. Бәлкім, тек қысқы аяқ-киімді, не екі маусымға да қажетті аяқ-киімді аламыз. Нақты жауапты бір айдан кейін айтамыз», - деді Даниал Ахметов.

Семейден келген Марина Куликова көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға білім грантын алуға басымдық беруді ұсынды.

– Елімізде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қатысты көп жұмыс атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Біз балаларымыздың жоғары білім алып, халық игілігі үшін еңбек еткенін қалаймыз. Сондықтан көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға жоғары оқу орнына түсу кезінде грант алуда басымдық берілуін сұраймын, – деді он баланың анасы.

Бұл сауалға облыс басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігіне білім гранттарын тағайындау бойынша қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізу ұсынысын жіберетінін айтты.


Сондай-ақ көпбалалы аналар мектепте, балабақшада күн кестесі ұзартылған қосымша топтар ашылса деген өтініш білдірді. Бірақ бұл сауалға облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Байжанованың жауабы өңір басшысын қанағаттандырмады.

– Сіздің «басқарма көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар есебінен қосымша ақы белгілейді» деген жауабыңыз қабылданбайды. Президент көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөліп отыр. Көпбалалы аналар – ел мақтанышы. Сондықтан кез келген туындаған мәселені мемлекет көлемінде қарастырып, бюджеттен қосымша қаржыландыру жағын ойлау керек», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 19 қала мен ауданда 59 комиссия отырысы өткізілген.


Соңғы жаңалықтар