ШҚО-да жыл сайын тауда 10-ға жуық адам адасады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары таулы жерлерде адасып кеткен жағдайда не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын тауда 10-ға жуық адам адасып кетеді. Қаншалықты тәжірибелі саяхатшы болсаңыз да жол таппай қалуыңыз әбден мүмкін.

«Егер адам тауда бір рет жүріп өткен маршрут бойынша бет алса адасып кетуі әбден ықтимал. Бағдарды жоғалту қаупі әсіресе кешкі уақытта, ымырт үйірілген кезде арта түседі. Жалғыз жүрсе де, бір топ адам болса да адасуы мүмкін», - дейді жедел-құтқару жасағының қызметкерлері.

Осы ретте, құтқарушылар бірінші кезекте үрейленбеуге кеңес береді.

«Аффект жағдайындағы әрекеттер күтпеген салдарға әкеліп соғады. Абайсызда таудан құлап, жарақат алуыңыз мүмкін. Сабыр сақтап, «112» нөміріне хабарласып қажетті ақпаратты беруге тырысыңыз. Егер ұялы телефоныңыз болмаса, өз күшіңізге сенуіңіз керек. Ашық жерге шығып, құтқарушыларға сигнал беріңіз. Қараңғы түскенде от жағып, ал күндіз ашық түсті киімді биік жерге іліп қойыңыз», -дейді облыстық ТЖД ЖҚЖ бас құтқарушысы Ерік Бұлғынбаев.

Оның айтуынша, саяхатшының міндеті – тәуекелдерді барынша азайту. Ең алдымен, жолға дайындалып, маршрутты барынша зерттеу керек. Физикалық жаттығу жасаған да жөн. Нақты қозғалыс жоспарын түсініп, «112» қызметіне саяхатқа шығып бара жатқаныңызды, мөлшермен қашан қайтатыныңызды хабарлаған дұрыс.

Көшкін және сел қаупі бар учаскелердің картасымен танысуды ұмытпаңыз. Бүгінгі ауа-райы болжамын қарап, соған сәйкес киім мен жабдықты таңдаған абзал.


Соңғы жаңалықтар