ШҚО-да жыл басынан бері 3 мыңнан астам адам көлікті онлайн тіркеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 2021 жылдың басынан бері 3 мыңнан астам адам көлікті онлайн тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдегі автокөлік иелері биыл мамандандырылған ХҚО арқылы өз бетінше 4 мыңнан астам мемлекеттік қызмет алды. Оның ішінде 3 мыңға жуық азамат көлік құралын қайта тіркесе, 1200-ден астам адам жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырған.

«Өткен жылы egov.kz порталы арқылы 1566 автокөлік қайта ресімделіп, 800 жүргізуші куәлігі алынды. Демек, өңір тұрғындары арасында онлайн қызметтерді алатындар артып келеді. Автокөлікті қайта тіркеу қызметі egov.kz электрондық порталында «Көлік және коммуникациялар» бөлімінде қолжетімді. Оны онлайн алу үшін сатушыға ЭЦҚ көмегімен порталға кіру қажет. Содан кейін сатылатын автокөлік туралы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық қарыздарын тексеруге сұрау жіберуі тиіс. Төлемді электрондық үкімет порталы арқылы жүргізуге болады. Өтінімге ЭЦҚ-мен қол қойып, қызметті онлайн тапсыру керек», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов.

Бұдан соң сатып алушы электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетінде өтініммен таныса алады. Онда айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмірлік белгілер, техникалық төлқұжат және тіркеу алымы үшін мемлекеттік баж төлеуге көшуге болады. Мәмілені өзінің ЭЦҚ-мен растаған соң сатып алушы мамандандырылған ХҚО-ға тек нөмірлер мен техникалық төлқұжатты алу үшін ғана барады.

«Автокөлік иелері цифрландырудың барлық артықшылықтарын бағалап, мамандандырылған ХҚО-қа қарағанда порталда қызметтерді жиі ала бастады. Қызметтерді онлайн алу - өзіндік тренд. Бұл үрдісті қарапайым анықтамаларды қажет ететін азаматтар ғана емес, сонымен қатар автокөлік иелері де ұстанатыны қуантады», - деді Азамат Есембулов.

Естеріңізге сала кетейік, автокөлікті қайта тіркеу Kaspi.kz қосымшасында да қолжетімді. Онлайн ресімдеу аяқталғаннан кейін құжаттарды және мемлекеттік нөмірлік белгіні «электрондық үкімет» порталындағы үйге жеткізуге тапсырыс беруге немесе құжатты мамандандырылған ХҚО-ға барып алуға болады. Бүгінгі таңда ХҚО мамандары Kaspi.kz қосымшасы арқылы 2 мыңнан астам автокөлікті тіркеген.


Соңғы жаңалықтар