ШҚО-да жыл басынан бері 10-нан астам көлік өртенді

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 10-нан астам көлік отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың басынан бері өңір бойынша 10-нан астам көлік өртенді.

«Соңғы оқиғалардың бірі Алтай ауданы Серебрянск қаласында болды. Жеңіс көшесінде тоқтап тұрған 1992 жылы шыққан «Volkswagen Golf» маркалы автокөлігінде өрт шықты. Өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері келген кезде көліктің қозғалтқыш бөлігі, аспаптар панелі, алдыңғы доңғалақтары жанып жатты. Өрт сөндірушілер көп ұзамай 2 шаршы метр аумақтағы жалынды ауыздықтады. Алдын ала дерек бойынша тілсіз жаудың шығу себебі – қауіптілігі жоғары агрегатпен абайсыз жұмыс істеу», - делінген ақпаратта.

Құтқарушылардың айтуынша, автокөліктер негізінен 5-6 минут ішінде толық жанып кетуі мүмкін. Көбінесе өрт қозғалтқыш бөлігінде шығады, ал салонда өте сирек. Өрт себебі отын мен басқа сұйықтықтардың ағуынан болуы мүмкін. Көліктердің май тамшысынан немесе антифризден жанған жағдайлар да бар.

«Аязда кейбір автокөлік жүргізушілері тоқтаған кезде тез суып кетпес үшін қозғалтқышты киізбен орайды. Нәтижесінде, қозғалтқышты жылытуға аз бензин жұмсалады. Бірақ өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша бұлай істеуге болмайды. Мұндай көрпе жанбайтын материалдан жасалған болса да қауіпті. Себебі мата қозғалтқышпен жанасады, қызады және ерте ме, кеш пе түтіндей бастайды», - делінген хабарламада.

Фото: ТЖД


Соңғы жаңалықтар