ШҚО-да жұмыссыздарға жеке кәсібін ашуға биыл 600-ден астам грант бөлінеді

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жұмыссыздарға жеке кәсібін ашуға биыл 608 грант бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жыл басынан бері 6587 жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ ұлттық жобаларды іске асыру аясында 147 жоба қолға алынып, 3 498 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

«Биыл жұмыспен қамту органдарына 14 мыңнан астам адам өтініш білдірген. Оның ішінде 12 мың азамат республикалық жобаларға қатысып, 8 мыңы жұмысқа орналасты. 2022 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,7 пайызды құрап отыр», - дейді басқарманың еңбек көші-қоны және еңбек нарығы мониторингі бөлімінің басшысы Мерхат Қабдешов.

Оның айтуынша, осы жылы облыстағы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 745 миллион теңгенің 608 грантын беру көзделуде.


Соңғы жаңалықтар