ШҚО-да жоспарлы медициналық көмек қайта жанданды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жоспарлы медициналық көмек қайта жанданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ШҚО бойынша филиалының мәліметінше, 50-ден астам медициналық ұйым науқастарды қабылдауды бастады. 17 тамыздан бері кардиологиялық көмек көрсету стационары, кардиохирургия, ортопедия, хирургия, гинекология, урология, барлық педиатриялық және терапевтік профильдер, оңалту, жүкті әйелдерді ауруханаға жатқызу, паллиативті көмек көрсету қайта жүргізілуде.

Сонымен қатар амбулаторлық-емханалық көмек қайта көрсетілуде. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру ұйымдары мен стоматологиялар қабылдау жүргізуде. Сондай-ақ жоспарлы консультативті-диагностикалық қызмет те ұйымдастырылады.

«Провизорлық стационардың жемісті жұмысынан соң біз науқастарды жоспарлы түрде екінші және үшінші кезең бойынша оңалтуды бастадық. Демек, жарақат, ортопедия, неврология, кардиология бөлімдері ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Пациенттер жолдама бойынша жоғары технологиялық көмек көрсететін емханада немесе стационарда оңалтудан өте алады. Жүрекке, буындарға, омыртқаға, миға және жарақат орнына ота жасатуға болады», - дейді Шығыс Қазақстан облыстық оңалту орталығының бас дәрігері Тимур Тортаев.

20 тамыздан бастап стационарларда, бөлімшелерде, оңалту кезінде стационар алмастырғыш технологиялар жұмыс істемек. Сондай-ақ скрининг пен профилактикалық тексеру жұмыстары қайта жанданады.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 4731 инфекциялық және провизорлық төсек-орын бар. COVID-19 инфекциясына шалдыққан науқастарға арналған төсектердің 16,5 пайызы бос емес.

Карантиннің жеңілдетілгеніне қарамастан Шығыс Қазақстандағы медицина қызметкерлері өңір тұрғындарын барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, маска киіп, бұқаралық отбасылық шараларды ұйымдастырмай, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.



Соңғы жаңалықтар