ШҚО-да жолдарды күтіп ұстау жұмысынан 83 бұзушылық анықталды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қыс басталғалы бері жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына қатысты 83 кемшілік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол активтері ұлттық сапа орталығы ШҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар өңір бойынша жолдарды күтіп ұстау жұмыстарының сапасын қадағалап отыр.

Қыс басталғалы бері облыстағы республикалық маңызы бар жолдарға 77 рет тексеру жүргізіліп, 83 бұзушылық анықталған.

«Көбінесе бұл жол бойында қардың уақтылы шығарылмауы, көктайғақ және жол жиектерінің тазаланбауына қатысты болып отыр. Көктайғаққа қарсы материалдар да тексеріліп, оның 11 сынамасы бекітілген стандарттарға сәйкес келмеді. Мердігер ұйымдарға да, тапсырыс берушілерге де тиісті ескертулер жолданды», - дейді филиал инженері Еркін Даумов.

Ал қазіргі уақытта жолдарда су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстары бақылауға алынған.

Осы жұмыстар сапасыз жүргізілсе жол төсемінің шайылып, қозғалыстың жабылуына және жол жөндеуге қосымша шығындардың жұмсалуына әкеп соғуы мүмкін.

Жалпы облыс бойынша 2148 су өткізгіш құбыр мен 114 көпір бар. Олардың кейбірі әлі дұрыс тазаланбаған.


Соңғы жаңалықтар