ШҚО-да жер үйлерге улы газды анықтайтын 2 мыңнан астам құрылғы тегін орнатылады
2022 жылғы 12 тамыз 19:53

ШҚО-да жер үйлерге улы газды анықтайтын 2 мыңнан астам құрылғы тегін орнатылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын 2 мыңнан астам датчик орнатылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға көмек көрсету үшін бірқатар шараны қолға алған. Соның бірі – жер үйлерде пеш жағатын жанұяларға арнайы датчиктер беру.

«Бұл датчиктер тұрғындарды иіс тиюден сақтайды. Себебі, жазатайым оқиғалар көбінесе түнгі уақытта, азаматтар ұйықтап жатқанда болады. Датчиктердi орнатқаннан кейін тұрғындар оның батареясын уақтылы ауыстырып отыруы керек», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.

Бүгін департаменттің «Қазмырыш» ЖШС-мен жасалған меморандумы аясында улы газды анықтайтын датчиктердің кезекті партиясы алынды. 2 140 датчик облыстың қала, аудандарына таратылмақ. Олар тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың, мүгедек адамдардың, жалғыз басты қарттардың үйлеріне орнатылады.

Айта кетсек, Шығыс Қазақстанда улы газды анықтайтын датчиктер талай рет пайдасын тигізген. Соңғы үш жылда осы құрылғылар 7 рет іске қосылып, нәтижесінде 30 адам, оның ішінде 23 бала құтқарылды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT