ШҚО-да жер телімдерін бәссаудада ерекше тәртіппен сатып алуға болады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығымен айналысуға ниеті бар шығысқазақстандықтар жер учаскесін саудада ерекше тәртіппен сатып ала алады.

Бұл туралы кеше өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин мәлім етті.

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заңның қабылдануына байланысты облыстың ауыл шаруашылығы үшін 2016 жылы даму үшін жаңа бағыттар белгіленген. Жаңалықтардың бірі ретінде жер учаскесін бәссаудада ерекше тәртіппен сатып алу мүмкіндігі атап өтіледі.

«Біз үшін бастысы - ауыл шаруашылығына тағайындалған жерлерді нарық айналымына тарту. Осы мақсатта ауыл шаруашылығымен айналысу ниетін білдірген азаматтар жер учаскесін байқаулар мен бәссаудаларда сатып ала алады. Құжаттаманы жергілікті атқарушы органдар кадастрлық мәліметтердің негізінде дайындайды. Өзгерістер 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді», - деді Дүйсенғазы Мусин.

Бірінші кезекте бәссаудалар мен аукциондарда 10 млн. астам қордағы жерлер саудаланады.

Егер ауыл шаруашылығы үшін тағайындалған жер учаскесі жалға алу құқығымен ұсынылса, жерді пайдаланушы жалға алу мерзімі аяқталғанша жер учаскесін оның кадастрлық бағасының 50 пайызы көлемінде анықталатын жеңілдік бағамен, 10 жылға дейінгі мерзімде сатып алуға құқылы. Егер жерді пайдаланушы сатып алу құқығын жалға алу мерзімі аяқталғанша іске асырмаса, жер учаскесі бәссаудада сатылу үшін мемлекеттік меншікке қайтарылады. Шетелдік азаматтарға жер учаскелері жерді 25 жылға дейінгі мерзімге уақытша пайдалану құқығымен ұсынылады.

Аудандардың бұл жаңалыққа дайын болуы үшін қазіргі кезде өңірде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады аймақтың ақпараттық орталығынан.

Соңғы жаңалықтар