ШҚО-да жеңіл көлік пен КамАЗ соқтығысып, екі жолаушы көз жұмды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан 2 адам жан тапсырып, үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы Ұлан ауданында «Алматы-Өскемен» тасжолының 45-ші шақырымында болған.

«Toyota Ipsum» автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, алдында келе жатқан «КамАЗ 5320» көлігімен соқтығысқан.

«Соның салдарынан Toyota Ipsum көлігіндегі 38 және 44 жастағы екі жолаушы сол жерде тіл тартпай кетті. Сол көліктің жүргізушісі мен тағы екі жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 4-бөлігіне (Көлік құралын басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалған.


Фото: instagram.com/eastkazpolice



Соңғы жаңалықтар