ШҚО-да жемқорлық жайлы хабарлағандарға 4,5 млн теңге сыйақы берілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жемқорлық жайлы хабарлаған азаматтарға 4,5 млн теңгеден астам сыйақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бақыттың айтуынша, өткен жылдан бастап сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды көтермелеудің жаңа жүйесі енгізілген. Парақорлық жайлы шынайы мәлімет бергендерге берілетін сыйақы – қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерді құрайды. Мәселен, егер пара немесе келтірілген залал мөлшері 50 млн теңге болса, онда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам сот үкімінен кейін 5 млн теңге алады.

«Жыл басынан бастап өңір бойынша сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 6 азаматқа 4,5 млн теңге берілді. Сыйақының ең жоғары мөлшері 4 млн теңгені, ал ең төменгісі – 138 900 теңгені құраған. Қылмысқа қарсы әрекет еткендер мемлекеттің қорғауында болады. Олардың жеке мәліметтері мемлекеттік құпия болып қалады», - деді Маржан Бақыт.

Өз сөзінде ол барша шығысқазақстандықтарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға және жемқорлыққа тап болған кезде бұл туралы 1424 Call-орталығына немесе ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің кезекші бөліміне 8 (7232) 29-88-88 нөмірі бойынша хабарласуға шақырды.


Соңғы жаңалықтар