ШҚО-да жедел жәрдем диспетчері кеспеге тұншығып қалған қызды телефон арқылы құтқарды

None
Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында жедел жәрдем диспетчері кеспеге тұншығып қалған қызды телефон арқылы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Глубокое ауданы Бобровка ауылында 25 жастағы қыз кеспе жеп отырып тұншығып қалған. Қасындағы таныстары не істерлерін білмей, бірден жедел жәрдемге қоңырау шалды.

«Қоңырауды диспетчер Марина Уразалинова қабылдаған. Оған қыздың тамаққа тұншығып, дем ала алмай жатқанын жеткізді. Диспетчер адамды санаулы секундтардың ішінде құтқару қажеттігін түсінген. Сөйтіп зардап шегушіге қашықтан көмектесіп, сол жердегі азаматтарға телефон арқылы Геймлих әдісін қалай жасау қажеттігін түсіндірді. Нәтижесінде, сәтті реанимация жасалып, қыз аман қалды», - делінген ақпаратта.

Сәлден соң сол жерге жедел жәрдем қызметкерлері келіп жетіп, қызды Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасына алып кетті. Қажетті көмек көрсетілген соң ол үйіне жіберілді.


Соңғы жаңалықтар