ШҚО-да жаз шыққалы рұқсат етілмеген жағажайда шомылған 70 адам жауапқа тартылды
2022 жылғы 1 шілде 02:05

ШҚО-да жаз шыққалы рұқсат етілмеген жағажайда шомылған 70 адам жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жаз шыққалы бері рұқсат етілмеген жағажайда шомылған 70 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингі барысында өрт қаупі жоғары кезең мен шомылу маусымы туралы айтылды.

Өңір бойынша биыл 136 орман өрті болған.

Қызыл жалынның алдын алу мақсатында құтқарушылар, орманшылар мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қатарынан 68 мобильді топ құрылды.

Оның құрамына 444 адам кіріп отыр.

«Олар тұрақты түрде рейд өткізіп жатыр. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 39 адам анықталды. Қоқыс өртеген 38 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. 11 адамға жалпы сомасы 336 930 теңгені құрайтын айыппұл салынса, 28-іне ескерту жасалған», - деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Медет Мұқашев.

Құтқарушылар шомылу маусымы басталғалы бері 11 адам, оның ішінде 1 бала суға батқанын айтты.

«Жалпы облыста су қоймаларының саны 2000-нан асады. Алайда олардың көбінде шомылуға тыйым салынған. Профилактикалық шараларға қарамастан демалушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамай отыр. Облыс бойынша жаз шыққалы рұқсат етілмеген жағажайда шомылған 70 адам жауапқа тартылған. Судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін халыққа 26 402 жадынама мен нұсқаулық таратылды. Маусым айынан бері шомылуға қауіпті жерлерде 222 тыйым салу белгісі орнатылды», - деді департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ерік Тұрсынғалиев.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT