ШҚО-да жаз шыққалы бері 6 адам суға кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жаз шыққалы бері 6 адам суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, маусым айынан бастап өңірде 6 адам, оның ішінде 1 бала суға батып кетті.

«Көз жұмған адамдардың барлығы жабдықталмаған орында шомылған. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлермен бірлесіп рейд жүргізілуде. Соның нәтижелері бойынша ӘҚБтК-нің 364-бабына (ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) сәйкес 10 адам жауапқа тартылған. Сондай-ақ жағажайда алкогольді ішімдік ішкен 3 азамат анықталды», - делінген ақпаратта.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен аймақта 116 учаскеде шомылуға тыйым салынған.

«Шомылу орындарының түбі тексеріліп, тазартылуда. Демалыс базаларының иелерімен 39 меморандум жасалды. Бұндағы мақсат – оларға тиесілі жағажайларда халық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі. Өскемен қаласында шомылуға арналған 2 ресми орын бар. Олар қазіргі уақытта демалушыларды қабылдауға дайын. Жалпы облыста суға түсуге рұқсат етілген жағажай саны – 6», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар