ШҚО-да жаз басталғалы 20 адам суға кеткен

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 1 маусымнан бері 20 адам суға кеткен. Бұл туралы ҚазАқпарат өңірдің төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шығыс Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметі дабыл қағып отыр. Аптап ыстықтан сая іздеген жұрт су қоймаларына ұмтылуды әдетке айналдырған. Ең өкініштісі, өзеннен сая іздеп барып, ажал тауып жатқандардың саны көп.

«Кеше Өскемен қаласында сүңгуірлер Ертіс өзенінен 57 жастағы азаматтың денесін алып шықты. Жағадағы киімдерге қарап, оның шомылу үшін өзенге өзі түскенін аңғаруға болады. Дегенмен, нақты себептері анықталып жатыр. Жалпы, 1 маусымнан бері облыста 20 адам суға кетіп қайтыс болды», - делінген департаменттің баспасөз ақпаратында.

Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайдың көбі шомылуға арналмаған, арнайы жабдықталмаған тоғандарда болған. Екінші үлкен себеп – ішімдік болса, соңғы кезде үрлемелі матрастар да қауіпті құралға айналған.

«Бұрын жүзуге арналған үрлемелі матрастар жұқа әрі ықшам болса, қазір олар өте қалың болып келеді. Мұндай құралдар су бетінде жел тұрғанда қауіпті болып кетеді. Аударылған адамның оған қайтадан мінуі қиын. Тіпті құтқарушылардың өзі су бетінде жел тұрған кезде матрасты ырыққа көндіру қиын екенін айтады», - дейді департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Анастасия Скляр.

Департамент өкілі шомылу маусымы басталғаннан бері шығысқазақстандық құтқарушылар 11 адамды ажалдан арашалап қалғанын айтады.

Соңғы жаңалықтар