ШҚО-да жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді
2021 жылғы 14 желтоқсан 15:59

ШҚО-да жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданында жиі қар жауып, қатты жел соғуына байланысты кей учаскелерде қар көп жиналып, көшкін жүру қаупі туған.

«Сондықтан «Қазселденқорғау» ШҚ филиалы мен Алтай ауданы ТЖ басқармасының мамандары көшкін жүруі ықтимал «Өскемен-Алтай» тасжолының 3 учаскесінде жасанды жолмен қар көшкінін түсірді. Нәтижесінде, 4100 текше метр қар түсірілген», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тасжолдың 61 шақырымында қар ең көп жиналған. Мұнда 1700 текше метр қар түсіп, жолды толықтай жауып тастады.

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.


Jańalyqtar

MURAǴAT