ШҚО-да жасанды ұрықтандыруға бөлінген квота жеткіліксіз

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда 650 бедеу отбасы ресми түрде тіркелген, шын мәнінде олардың саны одан да көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат Altaynews-ке сілтеме жасап.

Денеден тыс ұрықтандыру әдісі (ЭКҰ) елімізге егемендік алған тұста келіп, перзентсіз отбасылар бала сүю мүмкіндігіне ие болды. Бірақ құны тым жоғары болғандықтан, мемлекет арнайы квоталар бөлуді де қарастырған еді. Алайда ШҚО-дағы бедеу отбасылардың барлығы бұл квотаға қол жеткізе алмайды.

Квотамен толық қамтамасыз етуге қаржыландыру жеткіліксіз болып шықты. Бұл мәселе ШҚО Қоғамдық кеңесінің жанындағы денсаулық сақтау бойынша жұмыс тобының отырысында талқыланды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Илияс Мұхамеджанның айтуынша, қазір облыста 650 бедеу отбасы ресми түрде тіркелген. Шындығында, олардың саны одан да көп. Облысқа бір жылға тек 65 квота ғана бөлінеді. Ал Шығыс Қазақстан - республика бойынша туу көрсеткіші ең төмен аймақ.

«Бір жұптың өзіне жасанды ұрықтандыру әдісін бірнеше рет қолдануға тура келуі мүмкін, - дейді ол. - Мұндай процедураның тиімділігі не бары 20-30 % ғана. Квотаға қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді»,-деді ол.

Аталған мәселені шешу мақсатында облысымыздың дәрігерлері әкімдіктен қосымша қаржы сұрауға бел буып отыр. Егер жергілікті бюджеттен қаражат бөлінсе, жасанды ұрықтандыру әдісі Өскемендегі ЭКҰ орталығында жүргізілуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар