ШҚО-да жас өнертапқыш тоңазытқышты инкубаторға айналдырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында тұратын 12 жастағы Темірлан Ерланұлы карантин кезіндегі бос уақытын тиімді пайдалануда. Жас өнертапқыш ескі тоңазытқыштан жұмыртқадан балапан шығаратын аппарат жасады. Бүгінде оның инкубаторынан 50 балапан шыққан.

Темірлан Зайсан қаласындағы Ломоносов атындағы орта мектепте 7 сыныпта оқиды. Талабы таудай өреннің анасы Алмагүл Түсіпжанованың айтуынша, үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын ол бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын еңбекқор.

«Темірлан біздің үйдің кенжесі. Кішкентай кезінен би билеп, ән айтқанды жақсы көреді. Өсе келе рубик текшесін құрастыруға қызығушылығы оянған. Бірде ол бізге инкубатор жасағысы келетіндігін айтты. Тіпті оны қалай істейтінін бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Сөйтіп ұлымыздың бастамасына қолдау білдірдік. Әкесі оған ескі тоңазытқыш пен керекті құрал-жабдықтарды әкеліп берген соң, Темірлан бірден іске кірісті», - дейді шешесі.

Осылайша жас өнертапқыш 22 наурызда инкубатор жасауды бастаған. Алдын ала жоспар құрып, қалай істейтінін қағазға рет-ретімен түсірген.

«Ең бірінші тоңазытқышты бұрғымен тесіп, желдеткіш жасадық. Содан кейін оған термореттегіш пен гидрометр орнаттық. Термореттегіш арқылы біз жұмыртқаға керекті температураны реттесек, ал гидрометр аппараттың ылғалдылығын тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ трансформатор қойып, тоңазытқыштың ішін желдетіп отырдық», - дейді оқушы.


Бәрі әзір болған соң ол инкубатордың ішіне 95 жұмыртқа салыпты. Арада бір апта өткен соң овоскоппен тексерсе оның 11-інен балапан шықпайтыны белгілі болған.

«Жиырма бір күннен кейін 30, ал келесі күні 20 балапан шықты. Сөйтіп, 84 жұмыртқадан 50 балапан алдық. Оларға алғашқы аптада әр 2 сағат сайын жем бердім. Қазір 3 сағатта бір тамақтандырамын», - дейді Темірлан Ерланұлы.

Алдағы уақытта да ол инкубатор арқылы жұмыртқадан балапан шығарып, бұл ісін кәсіпке айналдырғысы келеді. Әке-шешесі де ұлдарына қолдау көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар