ШҚО-да жас кәсіпкер қымыздан балмұздақ дайындап, кәсібін дөңгелетіп отыр

None
None
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Абай ауданында тұратын 21 жастағы Айдын Серікқазин қымыздан балмұздақ дайындап, пайда табуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдын мамандығы бойынша техник бағдарламашы, университет түлегі. Ол қымыздан балмұздақ жасап шығару идеясын жүзеге асырып, 500 мың теңгелік мемлекеттік грантқа ие болған. Алған ақшаға арнайы аппарат сатып алған.

«Идея мені көптен бері қызықтырып жүр еді. Біздің нарықта ұлттық әрі пайдалы қымыздан жасалған өнім түрлері кемде-кем. Сонымен қатар балмұздаққа жас та, бала да әуес. Яғни денсаулыққа пайдалы табиғи өнім күнделікті тірлігімізде қолданылса, халық денсаулығына зор септігін тигізері анық», - дейді жас кәсіпкер.

Айдынның алға қойған жоспары көп, талабы зор. Алдағы уақытта Абай ауданында ғана емес, өңір бойынша сауда орындарын ашуды көздеп отыр.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда «Жас кәсіпкер» білім беру жобасы бойынша мыңнан астам адам бизнес негіздерін оқып шыққан. Олардың басым бөлігі жеңілдетілген несие мен тегін грантқа қол жеткізді. Бұл туралы облыстық әкімдік отырысында ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит мәлімдеді. Яғни жоба аясында жоғары оқу орнын тәмамдаған және жұмыссыз жүрген жастар өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болған.

«Облыста жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша арнайы бағдарламалар мен қолдау шаралары жолға қойылған. Өңірде жас отбасылар үшін тұрғын үй мәселесін шешу, жұмыспен қамту, сапалы білім беру, денсаулығын жақсарту және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгінгі таңда жергілікті бюджет есебінен 1046 студент жоғары оқу орындарында білім алып жатыр», - дейді өз сөзінде облыс әкімі Даниал Ахметов.

Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірінде жастар арасындағы кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 жас кәсіпкер 34 млн теңге сомада грант алған.

Соңғы жаңалықтар