ШҚО-да жаңа жылдан кейін жарық қымбаттауы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығысэнерготрэйд қаңтар айынан бастап тарифті көтермек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Аталмыш компания электр энергиясын ұсыну қызметінің бағасын көтеретіні жайлы мәлімдеме жасады.

Осыған дейін ШҚО тұрғындары электр қуатының 1 Квт/сағатына 11,106 теңге төлеп келген болатын. Егер  жергілікті табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Шығысэнерготрэйдтің өтінішін мақұлдайтын болса, 5 қаңтардан бастап баға 12,055 теңгеге көтеріледі.

Бүгін Өскеменде өткен қоғамдық тыңдау отырысында   ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бәсекелестікті қорғау және табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің ШҚО бойынша директоры Қайрат Оразбаев Шығысэнерготрэйдтің соңғы бірнеше жылдың көлемінде мұндай өтінішпен 5 рет келіп, бесеуінде де бағаның көтерілуіне рұқсат берілмегенін айтты.

«Бұл жолы да біз өтініштің қаншалықты заңға сәйкес келетінін тексереміз. КЕГОК, Казцинкэнерго, ШҚ РЭК сияқты энергия өндіруші мекемелер өздерінің сатып алу бағамдарын көтеріп жібергенін де айта кету керек», - деді ол.

Қайрат Оразбаев, тұрғындардың көзақарастарын да есепке алып, оңтайлы шешіп қабылданатынын айтты.

Дарын Нұрсапар

Соңғы жаңалықтар