ШҚО-да жаңа туған шақалақтан коронавирус анықталды: Өңірлер бойынша мәлімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бір тәулік ішінде өңірлерде анықталған коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғалары бойынша мәлімет берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен бір тәуліктің ішінде коронавирус еліміздің 16 өңірінде 183 адамнан анықталғанын (инфекция симптомдары бар) бұған дейін жазған болатынбыз.

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияның Telegram-дағы ақпаратына сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысында індетке шалдыққан 8 адам тіркелді. Олардың барлығы Семей қаласында анықталып отыр.

Науқастардың ішінде 2 бала бар: 1 жасар және жаңа туған шақалақ.

Үш науқастан анализ коронавируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаны үшін алынса, қалған 5 адам денсаулық жағдайларына байланысты өз бетімен тексерілген.

«Қазіргі уақытта қауіпті вирусты жұқтырғандардың барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды. Олармен байланыста болған адамдарға эпидемиологиялық және медициналық тексеру жүргізу үшін ТКҚСҚБ аумақтық басқармасының мамандары мен медицина қызметкерлерінен құралған мобильді топ ұйымдастырылып, ошақтарға дезинфекция жасады. Эпидемиологиялық тексеру және эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда», - делінген мәліметте.

Соңғы дерек бойынша, ШҚО-да коронавирус инфекциясымен жалпы 185 адам тіркелген, олардың ішінде сауығып шыққандар саны — 63.

Шымкент қаласында COVID-19 індеті 10 адамнан анықталды. ПТР-диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша диагноз 30-63 жас аралығындағы 5 әйелге, 22 және 65 жастағы екі ер адамға, сондай-ақ 14 жасқа дейінгі 3 балаға қойылды. Олардың барлығы инфекциялық стационарға жатқызылды.

«Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда. Ауру ошақтарында дезинфекция жүргізіліп жатыр», - делінген ведомствоаралық комиссия ақпаратында.

Шымкент қаласында бүгінге дейін коронавирус инфекциясымен жалпы 942 адам тіркелген, олардың ішінде 412-сі жазылып шықты.

Ал Алматы облысында коронавируске бір тәулікте 4 адам шалдықты. Олардың үшеуі – Талдықорған қаласынан, біреуі Алакөл ауданынан анықталды.

«30 және 42 жастағы екі ер адам және 45 және 63 жастағы екі әйел дене қызуының көтерілуіне, әлсіздікке, тамақ ауруына шағынып, жедел жәрдем қызметкерлерін шақыртқан. Қазір олар ЖРВИ және пневмония диагнозымен жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылды», - делінген мәліметте.

Алматы облысында қауіпті инфекцияны бүгінге дейін 426 адам жұқтырған. Оның 267-і жазылып шықты.

Қарағанды облысында симптомды коронавирус инфекциясы 24 адамнан анықталды.

«ПТР-диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша 24 адамда COVID-19 вирусы анықталды. Тіркелген жағдайлар скрининг барысында және бұған дейін ауырған адамдармен жақын байланыста болғандарды тексеру нәтижесінде анықталды. Атап айтсақ, Қарағанды қаласында – 7 адам, Теміртау қаласында – 11, Шахтинск қаласында – 1, Сәтбаев қаласында – 4, Қарқаралы ауданында– 1 адам тіркелді. Барлығы жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды. Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, ем алып жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекция жасалды», - делінген таратылған баспасөз хабарламасында.

Соңғы мәліметке сәйкес, Қарағанды облысында инфекция жалпы 1129 адамнан анықталды, олардың ішінде 5 адам қайтыс болды және 442 пациент жазылып шықты.

Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен 3 адам тіркелді. Олар Кентау қаласының 40 және 58 жастағы, Түркістан қаласының 47 жастағы тұрғындары.

«Қазіргі таңда науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, оқшауланып, бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем алып жатыр. Олармен жақын байланыста болған азаматтар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде», - делінген ақпаратта.

Бүгінге дейін Түркістан облысында қауіпті індет барлығы 395 адам анықталған, олардың ішінде жазылып шыққандар саны — 256 адам.

Ақмола облысында инфекция Астрахан ауданының 48 жастағы тұрғынынан анықталды. Ер адам Нұр-Сұлтан қаласындағы туысқанының үйіне барған. Науқаста індеттің айқын белгілері болған: дене қызуының 38° көтерілуі, тұмау, тамақтың, бастың ауыруы, жалпы әлсіздік.

«Бұл - Астрахан ауданында тіркелген алғашқы жағдай. Азамат емделу үшін Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерге жіберіледі. Үй ошағында індетке қарсы іс-шаралар жүргізілді. Онымен жақын және ықтимал байланыста болған адамдарды анықтау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары науқастың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бойынша жүргізіледі, дезинфекция жасалады», - деп мәлім етілді.

Жалпы Ақмола облысында індетті жұқтырудың 175 оқиғасы тіркелді. Олардың ішінде 138-і жазылып шықты.

Атырау облысында коронавирус инфекциясының ауру белгілерімен 6 адам анықталды.

«COVID-19 вирусымен 4 адам Құрманғазы ауданында тіркелді. Олардың үшеуі ЖРВИ симптомдарымен өздігінен медициналық көмекке жүгінген. Ал біреуі бұған дейін коронавируспен ауырған науқаспен байланыста болған. Сондай-ақ инфекция 1980 жылғы Атырау қаласының тұрғынынан,1945 жылғы Жылыой ауданында тұратын зейнеткерден табылды. Олар профилактикалық мақсатпен тексеруден өткен. Қазіргі таңда науқастар инфекциялық ауруханаға оқшауландырылып, хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Ауру ошақтарында эпидзерттеу, дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, олармен қарым-қатынаста болғандар анықталуда», - делінген ақпаратта.

Атырау облысында бүгінгі дейін COVID-19 инфекциясы жалпы 1202 адамнан анықталды, жазылып шыққандар саны — 769.


Соңғы жаңалықтар