ШҚО-да жабдықталған 6 жағажайда шомылуға рұқсат берілді

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында алдағы суға түсу маусымында жабдықталған 6 жағажайда шомылуға рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 2 мыңнан астам су қоймасы бар.

Алайда бұл орындардың барлығы бірдей шомылуға келмейді.

Жыл басынан бері өзен-көлдерде 3 адам батып кетті, оның ішінде 1 бала бар.

Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Ағажаевтың айтуынша, көп жағдайда адамдардың суға кетуіне жабдықталмаған жерлерде шомылу, жүзе алмау, өз күштерін асыра бағалау, балаларды қараусыз қалдыру және мас күйде шомылу себеп болып жатады.

«Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың әкімдіктері жаппай демалыс орындарын бекіту бойынша жұмыстар жүргізуде. Облыс аумағында жабдықталған 6 жағажай бар. Атап айтқанда, Өскемен қаласында – 2, Алтай ауданында – 2, Ұлан ауданында – 1, Үржар ауданында – 1», - деді ол.

Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп қауіпсіздік белгілерін орнату бойынша жұмыс жүргізілген.

Осы уақытқа дейін шомылуға тыйым салынған орындарда 157 белгі қойылды.


Соңғы жаңалықтар