ШҚО-да зейнеткерлерге медициналық көмек бөлек көрсетіле бастады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның ауруханаларында зейнет жасынан асқан тұрғындарға медициналық көмек көрсететін бөлімшелер ашылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, әзірге мұндай бөлімшелер Семей мен Өскемен қалаларында ашылған. Аталмыш бөлімшелер бір жолда 60 зейнеткерге қызмет көрсете алады. «Денсаулық» бағдарламасының аясында қолға алынған бұл жоба аудандарда іске асырыла бастаған. Әзірге аудандар бойынша 102 арнайы кабинет зейнеткерлер үшін жабдықталған.

Өскемендегі бөлімшенің бірі М.Әуезов даңғылында орналасқан №1 емханада ашылса, екіншісі «Вита-1» емханалар желісінде жұмыс бастап кетті.

«Әзірге  біз электрондық кезек сияқты заманауи тәсілдерді пайдалануға мүмкіндігі жоқ, жасы жеткен зейнеткерлерді қабылдап жатырмыз. Әсіресе зейіні нашарлаған қарттар көптеп келуде. Біздің емханаға тіркелген 1 200 зейнеткердің бәрі дерлік жасы 70-тен асқандар. Бөлімше ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Мұнда зейнеткерлер денсаулығына сай тегін дәрілер алып қана қоймай, кезек күтіп отырған уақытта жиһазбен жабдықталған бөлмеде теледидар көре алады. Олардың күтіміне жауапты писхолог пен медбике алдық. Әзірге тіркеусіз-ақ қабылдап жатырмыз. Кейін оны да бір жүйеге келтіру керек», - дейді емхана директоры Рая Рақымова.

Соңғы жаңалықтар