ШҚО-да зейнет жасына таяған 287 адам жұмыспен қамтылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында зейнет жасына таяған 287 адам жұмыспен қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның аясында зейнеткерлікке таяған адамдарды жұмысқа орналастыру басталды.

«Күміс жас» жобасының мақсаты – лайықты демалыстарына екі жыл қалған азаматтардың зейнетақы шотындағы жинақ сомасын арттыру. Жоба шеңберінде 287 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 10 адам жұмысқа орналасты», - дейді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Досхан Қайырғазинов.

Оның айтуынша, жастарды жұмыспен қамтуға да баса назар аударылған. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес «Жастар іс-тәжірибесі» жобасы 6-дан 12 айға дейін, «Бірінші жұмыс орны» жобасы 12-ден 18 айға дейін ұзартылды.

Сонымен қатар осы жобаларға қатысушыларға мемлекеттік бюджеттен төленетін жалақы мөлшері де артты. Қазіргі уақытта аталған бағдарламаларға қатысушыларға ай сайын 91 мың 890 теңге төленеді.


Соңғы жаңалықтар