ШҚО-да заңсыз балық аулаудың 160-қа жуық дерегі анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Уылдырық» жедел алдын алу шарасының 14 күнінде заңсыз балық аулаудың 160-қа жуық фактісі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Уылдырық» жедел алдын алу шарасының мақсаты – су объектілерін қорғау, балық аулаудағы заңбұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу.

«Шара басталғалы бері балық ресурстарын заңсыз аулаудың 160 фактісі анықталған. Нәтижесінде, 154 адамға жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Оның ішінде 1 200 000 теңге өндіріп алынды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары 1 тоннадан астам балық пен синтетикалық монофиламенттен жасалған 3000 метр торды тәркіледі. Мемлекетке келтірілген залал мөлшері – 1,5 млн теңгені құрап отыр.

Айта кетейік, балық аулаудың нормалары мен ережелерін бұзған адам ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабына және ҚР ҚК-нің 335-бабына сәйкес жауапқа тартылады.


Соңғы жаңалықтар