ШҚО-да волонтерлер 800-ден астам азық-түлік себетін таратты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының еріктілері 17 мыңға жуық маска мен 800-ден астам азық-түлік себетін таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, бүгінде өңір волонтерлері жаңа форматтағы жұмысқа көшкен. Нақты айтқанда, қалың көпшілікке арнап, коронавирустың алдын-алу туралы кеңестер жазылған жадынамалар мен арнайы газет шығарылымдарын таратып, бірнеше мәрте пайдалануға болатын маскалар тікті.

«Жалпы аймақ бойынша көпбалалы жанұяларға, аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға 17 мыңға жуық медициналық маска мен 800-ден астам астам азық-түлік себеті берілсе, облыс тұрғындарына 845 мың дана газет таратылған. Сондай-ақ 410 ерікті Өскемен және Семей қалаларындағы І, ІІ топ мүгедектері мен 70-тен асқан зейнеткерлерге азық-түлікті, қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектерді жеткізіп беруде. Волонтерлер құқық қорғау органдарымен бірлесіп халыққа түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр», - делінген мәліметте.

Бұдан бөлек, облыс еріктілері «Жылу сыйла», «Қайырымды көршілер» акцияларын ұйымдастырды. Соның аясында полицейлерге, әскери қызметкерлер мен дәрігерлерге ыстық шай, бауырсақ таратылып, қарттардың аулалары тазартылып, оларға тамақ пен дәрі-дәрмек сатып алуға көмек көрсетілген.

Әлеуметтік желілерде «Мен үйдемін», «Үйде уақытты пайдалы өткізейік» сынды челлендждар басталып, 300-ден астам бейнероликтер жарияланды.

Айта кетейік, барлық волентерлер медициналық маскалармен, колғаптармен, қорғаныс костюмдерімен және антисептиктермен толықтай қамтамасыз етілген. Аймақтық фронт-кеңсе базасына облыстың 19 қаласы мен аудандарынан мыңнан астам ерікті енгізілген.


Соңғы жаңалықтар