ШҚО-да үздік БТР экипажы анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы өз сапындағы үздік БТР экипажы мен жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шұғыл бұрылыстар мен ой-шұңқырға толы 6 шақырымдық жол, қою түтін мен жарылыстар, батпақ пен тастақты асу, су мен терең қазылған ор. БТР экипаждарының алдында осындай күрделі кедергілер тұрды. Павлодар облысының, Курчатов, Семей және Өскемен қалаларының Ұлттық ұлан сарбаздары осынау байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындалып келгендерін көрсетіп бақты. 
null

Екі күнге жалғасқан жарыстың алғашқы күні ми қайнатқан ыстықпен есте қалса, екінші күн нөсерге ұласты. Дегенмен, қару-жарағын жастанып ұйықтайтын сарбаздарға бұл аса қиындық туғыза қойған жоқ.

Әуелі БТР тізгіндеген 3 адамдық экипаж жарылыс арасынан сытылып өтіп, тастақты таудан асты. Одан кейін желімше жабысқан лай-батпақ кедергіні еңсеріп, терең ордан өтті. Мәреге тура шығар сызықта оларды көзге түртсе көргісіз қою түтін күтіп тұрған. Соның бәрінен аман өткен экипаж белгіленген қашықтықты аман өткергенін әйгілеп, зеңбіректен оқ атуы тиіс болды. 

Келесі күні көлік жүргізушілері де дәл осындай кедергі-сындардан өтсе, экипаждар БТР-мен суда жүзу шеберліктерін ортаға салды. Осы сынақтардың барлығынынан сүрінбей өткен Курчатов қаласының №3514 әскери бөлімінің экипажы таңдаулы 10 ұжымның ішінен суырылып алға шықты.

Ал «Үздік жүргізуші» атағына Семей қаласының №5511 әскери бөлімінің көлік айдаушысы Айдын Омаров ие болды. Жеңімпаздар қыркүйек айында Алматы облысында өтетін респибликалық сайыста облыс намысын қорғайды.

«Бұл жарыс жыл сайын өтеді. Ондағы мақсат жинақтаған тәжірибеміз бен шеберлігімізді біреуге қарсы қолдану емес. Саптағы сарбаздарды електен өткізу арқылы осал тұстарымыз болса, соны да анықтауға болады. Павлодардан, Курчатов пен Семейден келген әскери бөлімдер бір алаңда тәжірибе алмасуда. Ең бастысы осы. Мұнда үздік шыққан сарбаздарға қарап қалған құрам бой түзейді. Осы тұрғыдан алғанда бұл жарыстың берері көп» - деді ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бас қолбасшысы, генерал-майор Талапкер Әмриев.

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар