ШҚО-да ұйымдасқан қылмыстық топтан 380 келіден астам есірткі тәркіленді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері арнайы операция жүргізіп, өңіраралық есірткі арнасын жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Оңтүстік өңірден Шығысқа есірткі заттарын жеткізумен айналысқан қылмыстық топтың жолын кесу үшін арнайы операция өткізді.

«Сәуір айының соңында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұрын сотты болған Жамбыл облысы тұрғынының сыбайластарымен бірге есірткі арналарын ұйымдастырып отырғаны туралы ақпарат алған. Ол марихуана мен гашишті жүк көлігіндегі жасырын орынға салып, Өскемен қаласына өткізу үшін жеткізіп отырды. Осы схеманың барлық қатысушылары, оның ішінде есірткіні шаһар тұрғындарына сатуды тікелей жүзеге асырған адамдардың жеке бастары анықталғаннан кейін құқық қорғаушылар оларды ұстауға кірісті», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бастапқыда есірткі өткізген 43 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Одан 1,5 келі марихуана тәркіленген. Содан кейін гараж кооперативтерінің бірінен есірткі қоймасы табылды, онда «қоймашы» деген лақап аты бар 40 жастағы Өскемен тұрғыны қалаға әкелінген есірткіні сақтап келген. Ол жерден 74 келіден астам марихуана мен 1,7 келі гашиш алынды.

Арнайы операцияның соңғы кезеңінде облыс орталығына аса ірі көлемдегі есірткіні тағы да әкелу кезінде 50 жастағы жамбылдық құрықталды. Оның басқаруындағы жүк көлігі шанағының алдыңғы бөлігіндегі арнайы жабдықталған жасырын орыннан 300 келіден астам марихуана және 8 келіге жуық гашиш табылған.

«Осы есірткі арнасын жою барысында 380 келіден астам әртүрлі есірткі заттары алынды. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған қылмыс үшін олар 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін». Алдын ала мәлімет бойынша тәркіленген есірткі заттарының «қара нарықтағы» құны 320 миллион теңгеден асады», - деді ШҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Сағат Мәдиев.


Соңғы жаңалықтар