ШҚО-да ұйқыда жатқан 6 бала датчик дыбысынан оянып өртенген үйден шығып үлгерді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында 6 бала өрттен зардап шеге жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Глубокое ауданы Белоусовка кентіндегі Советская көшесінде жер үйде өрт шықты. Үй иесі сыртта жүріп түтінді байқап қалған. Ол 6 бала ұйықтап жатқан үйге қарай жүгірді.

«Әкелері келіп жеткенше аудандық ТЖБ құтқарушылары бұрын орнатқан датчиктің дыбысын естіген 3 бала оянып кеткен. Олар лезде қалған үшеуі мен анасын тұрғызды. Осылайша, барлығы өртенiп жатқан үйден сыртқа шығып үлгерді», - делінген ақпаратта.

Үй иесі жалынды өз бетінше өшіруге тырысқан. Алайда онысынан түк шықпады. Бұны көрген көршілері «101» қызметіне хабар берді.

«Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер 120 шаршы метр аумаққа жайылған қызыл жалынды ауыздықтады. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде 160 гектар аумақта орман өртеніп жатқанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар