ШҚО-да улы газды анықтайтын датчиктің арқасында 95 жастағы кейуана аман қалды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында улы газды анықтайтын датчиктің арқасында 95 жастағы кейуана аман қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 26 қаңтар күні сағат 12.30-да Ұлан ауданы Каменка ауылында болды.

Үй ішінде жалғызбасты қарт әйел ғана болған. Кенет улы газды анықтайтын датчик дыбыс беріп, іске қосылған.

Әрең қозғалатын 95 жастағы кейуана сигналды ести сала әлеуметтік қызметкерге хабарласты. Ол өз кезегінде бірден көршісіне қоңырау шалып, көмектесуді сұраған.

Көршісі әжеге түтін басқан үйден шығуға көмектесті. Содан кейін терезелер мен есіктерді ашып, бөлмені желдетті.

Қазіргі уақытта жергілікті әкімдік қызметкерлері әженің мұржасын тазартуға көмектесіп жатыр.

Үй иесінің айтуынша, бұл құрылғының қатты шыққан дыбысы оның аман қалуына сеп болды.

«Жыл сайын әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың үйлерінде осындай датчиктер орнатылып жатыр. Осы жылыту кезеңінің алдында жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауымен Шығыс Қазақстан аумағында тұратын 3000-нан астам отбасын қамтамасыз еттік. Үш жылдың ішінде датчиктер іске қосылған 8 жағдай тіркелді. Соның нәтижесінде 32 адам, оның ішінде 22 бала құтқарылды», - дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.


Фото: ШҚО төтенше жағдайлар департаменті


Соңғы жаңалықтар