ШҚО-да түйнемеден болған өлім: Мал етін тұтынғандар саны артты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай ауданында қарасан ауруына шалдыққан малдың етін жеген адамдардың саны 37-ге артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін кешқұрым Өскеменде Қатонқарағай ауданы тұрғынының түйнемеден көз жұмуына байланысты брифинг өтті. БАҚ өкілдерінің сауалдарына облыстық денсаулық сақтау басқармасының, ветеринарлық қадағалау жөніндегі өңірлік инспекцияның, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, ветеринария басқармасының мамандары жауап берді. Брифинг барысында қарасанмен ауырған малдың етін жеген адамдардың саны 37-ге жеткені айтылды.

«Соңғы дерек бойынша түйнемемен ауырған малды союға қатысқан және етін сатып алып, тұтынған адамдардың саны 37-ге жетті. Бұл сан әлі өзгеруі мүмкін. Өйткені ең алғашқы тексеру кезінде ауру малға жанасқандардың саны 20 адам болған. Стереологиялық және бактериологиялық талдаулар марқұмның ағзасынан да, сойылған малдың етінен де түйнеме диагнозын анықтады. Сойылған малдың қалған  еті түгелдей залалсыздандырылып, көзі жойылды» - деді ШҚО Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Болат Қуанышбеков.

Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинованың айтуынша, ауру малдың ветеринарлық куәлігі болмаған.

«Өкінішке орай ауру малдың ветеринарлық куәлігі болмаған. Марқұм 1981 жылы туған. Қазір осы оқиға бойынша арнайы комиссия құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков төрағалық етеді» - деді басқарма өкілі.

Сондай-ақ брифинг барысында журналистер тарапынан 29-30 қыркүйек күндері Астана қаласында ШҚО-ның ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтетіні айтылып, облыс аумағынан шығатын еттің сапасы қаншалықты бақылауда болатындығына қатысты сауал қойылды. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің ШҚО бойынша аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Төлеген Мұхаматқалиев бүгіннен бастап 14 күн бойы Кіші Нарын ауылынан ешқандай мал сыртқа шығарылмайтынын мәлімдеді.

«Алынған сынамалар мен өзге де деректер шұғыл түрде Астанаға жөнелтілді. Сараптама қорытындылары бойынша аудан әкімдігі карантин жариялауы тиіс. Ол шешім бірнеше құзырлы органдармен расталуы керек. Біз уақыт жоғалтпас үшін бүгіннен бастап ауылдан мал шығаруға тыйым салдық. Сондай-а, осы ауылдағы 150 бас мал жергілікті ветеринарлардың жіті бақылауына алынды. Олар аталмыш малдардың температурасын ұдайы бақылауда ұстайтын болады» - деді Төлеген Мұхаметқалиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 қыркүйек күні санитарлық авиацияның көмегімен Қатонқарағай ауданынан Өскеменге жеткізілген тұрғын бүгін қайтыс болды. Оның түйнеме ауруынан көз жұмғаны расталды.

Соңғы жаңалықтар