ШҚО-да тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын 1500 датчик орнатылмақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын 1500 датчик орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі 238 110 тұрғын үй пешпен жылытылады. Оның ішінде 179 262 жер үй, 31 109 көппәтерлі үй бар. Қазіргі уақытта құтқарушылар барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, осы үйлерді аралауды бастады. Әсіресе әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне баса назар аударылған.

«Жыл сайын өрт сөндірушілер әрбір үйде ескірген электр сымдарын және пеш жабдықтарын пайдалану ережелерін сақтамауға қатысты 2 және одан да көп бұзушылықтарды анықтайды. Шығыс Қазақстанда аз қамтылған отбасылар, мүгедектер, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жалғызбасты қарттар тұратын 8172 үй бар. Суық түскенге дейін құтқарушылар аталған отбасылардағы бұрын орнатылған өрт қауіпсіздігін тексеріп, улы газды анықтайтын 5632 датчикті тексеріп шығады», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ биыл ТЖД мен «Қазмырыш» ЖШС арасында жасалған меморандум аясында осындай 1500 датчик сатып алынбақ. Олар облыстың 19 қаласы мен ауданындағы тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне орнатылады.


Соңғы жаңалықтар