ШҚО-да тұрмыстық қатты қалдықтар үшін екі полигон салынбақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық қатты қалдықтар үшін екі полигон салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Самат Сүлейменов қоқыстың көп жиналуы өткір мәселелердің бірі екенін атап өтті. Соның салдарынан қоршаған ортаға залал келуде. Экологияның бұзылуына рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын алаңдар да әсер етіп отыр. Тұрғындар қоқыс полигондарының қала ішінде де, одан тыс жерлерде де пайда болатындығына күн сайын куә. Осы ретте, басқарма мамандары қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, жағдайды толығымен өз бақылауына алған. Бүгінгі күні облыста Мемлекет басшысының тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына қатысты тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Бүгінгі күні облыстың қалалары мен аудандары әкімдіктеріне тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу бойынша ЖСҚ әзірлеуге арналған шығындарды 2021 жылдың бюджетіне қосуды, сондай-ақ қолданыстағы полигондарды санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес келтіру қажеттігі туралы айтылды. Барлық ұсыныстар мен ескертулер назарға алынады», - деді Самат Сүлейменов.

Сондай-ақ, Еуропа қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында 2021 жылы Өскемен және Семей қалаларында жаңа санитарлық полигондар мен қоқыс өңдеу кешендерін салу жоспарлануда.

«Бұл барлық белгіленген нормаларға сәйкес келетін екі жаңа полигон болмақ. Өскеменде қазір жер учаскесін ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Желтоқсан айының соңына дейін барлық жер актілері алынады. Бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталығына өтінім берілді. Ал Семей қаласы бойынша жер телімі белгіленген», - деді бөлім басшысы.



Соңғы жаңалықтар