ШҚО-да түрмеде жазасын өтеп шыққандарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жазасын өтеп түрмеден шыққандарға жан-жақты қолдау көрсетілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО қоғамдық кеңесінің жанынан бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды және Шығыс Қазақстан облысының пробация, ювеналды полиция қызметтерінде есепте тұрған адамдарды әлеуметтендіру мәселелері жөніндегі комитет құрылған болатын.

«Комитет өз қызметі барысында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарға әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, құжаттарын қалпына келтіруге, жұмысқа орналасуға немесе жәрдемақы алуға жәрдемдесуде. Биыл біз Катонқарағай, Алтай, Күршім, Зайсан, Жарма аудандарында болып, осы категориядағы азаматтарға көшпелі рейдтер барысында көмектестік», - дейді комитет жетекшісі Виктор Дак.

Оның айтуынша, жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз жұмыс жолға қойылған.

Себебі түзету мекемесінен босатылғандар қайтара қылмысқа бармауы үшін олардың жұмыспен қамтылуы аса маңызды. Ол үшін құжаттары дұрыс болуы керек.

Жыл басынан бері комитет 7 отырыс, 9 рейд жүргізді. Жеке өтініші бойынша 27 адамның мәселесі шешілді.

«Құқықтық қоғам құру үшін, келешек ұрпағымыз үшін алаңдамас үшін, жазасын өтеп шыққан азаматтардың өмірін ұйымдастырып, әлеуметтенуіне ықпал етуіміз керек. Бостандығы шектелген азаматтар түрмеден босап шыққан соң психологиялық тұрғыдан бастап, көптеген проблемамен бетпе-бет кездесіп жатады. Басқа адамдарға қарапайым болып көрінетін ХҚКО арқылы құжат рәсімдеудің өзі қиынға соғады. Сондықтан, азаматтарға бұл бағытта тиісті көмек көрсетілуі тиіс деп санаймыз», - дейді Виктор Дак.


Соңғы жаңалықтар