ШҚО-да тұрғын үй құрылысын күшейту үшін жеке компанияларға жеңілдіктер жасалады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысын күшейту үшін жеке компанияларға жеңілдіктер жасалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына коммерциялық тұрғын үй құрылысының алдағы бес жылға перспективалық жоспарын жасауды тапсырды. Әкімнің айтуынша, жеке құрылыс компаниялары салатын пәтерлерге сұраныс артып келеді.

«Егер мемлекет жеңілдік беретін болса, онда құрылыс фирмалары да жобаларды іске асыруға жауапкершілікпен қарап, сенімді серіктес болуға талпынады. Сонда бәрі әділ әрі екі жаққа да тиімді болады. Мұндағы жеңілдік дегеніміз, жеке құрылыс компанияларымен ынтымақтаса жұмыс істеудің жаңа тәсілі. Мәселен, мемлекет инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы бар дайын үлгілік жобалар мен жер учаскелерін береді. Ал фирмалардан инвестиция, құрылыс алаңдарындағы тәртіпті сақтау және жұмыстарды мерзімінен кешіктірмей аяқтау талап етіледі», - деді Даниал Ахметов.

Қазіргі уақытта жергілікті билік «Нұрлы жол» және «Спорт» шағын аудандарында 34 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындаған. Жоспарда – айналма жолдардың маңайына баспана салу және облыстың басқа қалалары мен аудандарында да салынуы тиіс үйлердің жобалары бар.

«Коммерциялық тұрғын үй құрылысы – перспективалы бағыттардың бірі. Өйткені, ол халық арасында сұранысқа ие және жалпы тұрғын үй мәселелерін шешуде тиімді бағыт. Егер 2019 жылы осындай 32 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болса, биыл жалпы ауданы 244 мың шаршы метрді құрайтын 36 үйді пайдалануға береміз», - деді ШҚО әкімі.


Соңғы жаңалықтар